Сурет: АШМ
Германиядан жоғары өнімді ірі қараның кезекті партиясы Қазақстанға жеткізілді. Бұл — мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын іске асыру аясындағы жұмыстардың жалғасуы, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймурзаевтің айтуынша, жыл басынан бері отандық өндірушілер 30 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Оның 3,5 мыңнан астамы шетелден әкелінген.
21 тамызда Германиядан голштин тұқымының қашарлары жеткізілді. Олар Қостанай облысындағы «ДК Мақсат KZ» серіктестігінің жаңа сүт-тауарлы фермасының мал басын толықтыруға арналған. Ветеринариялық және кедендік бақылаудан өткен соң, мал Владимир ауылына жеткізіліп, міндетті карантинге алынады.
«ДК Мақсат KZ» серіктестігі 400 сауын сиырға арналған ферма құруда. Жобаның құны — 3,2 млрд теңге. Инвестициялық жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Ферма заманауи автоматтандырылған жабдықтармен жарақтандырылады. Сауын блогы бір мезгілде 40 басты саууға есептелген және «Параллель» типті жүйемен жабдықталған. Табынды басқару үшін Afimilk жүйесі қолданылады, ол малды автоматты есепке алуға, белсенділігін бақылауға және өндірістік көрсеткіштерді қадағалауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың соңына дейін кәсіпорын қалған мал басын кезең-кезеңімен әкеліп, ферманы 400 басқа дейін толықтыруды жоспарлап отыр. Қостанай облысында 2023–2026 жылдары сүт-тауарлы фермаларын салу бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 39,2 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба іске асырылады. Қазірдің өзінде жылына 46 мың тонна сүт өндіретін 7 заманауи ферма пайдалануға берілді.
Жалпы, Қазақстан бойынша бағдарлама аясында сүт-тауарлы фермаларын салу және жаңғырту бойынша 97 жоба қаржыландырылды. Олардың жиынтық қуаты жылына 559,6 мың тонна сүтті құрайды. Оның 71-і пайдалануға берілсе, тағы 26 жоба іске асырылу сатысында.
Асыл тұқымды мал импортының артуы отандық мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттырудың маңызды құралы болып табылады. Мұндай инвестициялық жобалар мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға, отандық сүт өндірісін ұлғайтуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Мазмұнға өту
