Басты тақырып

Франциядағы орман өртінен 220 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Сурет: AlJazeera

Францияның оңтүстік-батысындағы орман өрттеріне байланысты 220 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Бордо қаласы маңындағы тағы бес елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданған. Өрттің тез таралуына қуаңшылықтан кеуіп кеткен өсімдіктер мен қатты жел себеп болған.

Өрт сейсенбі күні Саумос коммунасында басталып, кейін Ле-Порж және Леж-Кап-Ферре аудандарына тараған. Демалыс күндері жалын Бордо агломерациясы бағытына қарай жылжыған.

Табиғи апатпен күресуге 1400-ге жуық өрт сөндіруші, 1500 әскери қызметкер, 1700 қауіпсіздік күшінің қызметкері, сондай-ақ өрт сөндіру авиациясы жұмылдырылған.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің мәлімдеуінше, Францияға rescEU еуропалық азаматтық қорғаныс жүйесі аясында бес өрт сөндіру ұшағы мен екі тікұшақ жіберілген.

Биыл Еуропада аптап ыстық рекордтық деңгейге жетті. Франция билігінің дерегіне сәйкес, жыл басынан бері ыстықтан ел аумағында 100 мың гектарға жуық орман мен табиғи алқап өртенген. Сонымен қатар EDF компаниясы өзендердің маңында орналасқан үш атомдық реактордың жұмысын тоқтатты.

Көп оқылғандар