Басты тақырып

Есірткі саудасынан түскен табысты заңдастырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Сурет: Видеодан скрин

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің көмегімен осы елден Қазақстан азаматын экстрадициялады. Ол аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың заңсыз айналымымен және қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу мәліметінше, аталған адам қылмыстық топтың мүшесі ретінде Алматы облысы аумағында аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырған. Дайындалған психотроптық заттардың тектестері кейін осы облыс пен Алматы қаласында жасырын түрде таратылған.

Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроптық зат (мефедрон) алынды.

Қылмыстық әрекеттен түскен заңсыз кірісті күдіктілер 1,8 млрд теңгеден астам сомада әртүрлі қаржылық операциялар, оның ішінде криптоалмастырғыштар арқылы, және қосымша 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес объектілері мен көлік құралдарын сатып алу арқылы заңдастырған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына аудару мақсатында тыйым салынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа беріліп, олар бойынша сот талқылауы жүргізілуде. Ал кейбір мүшелері, оның ішінде күдікті, қылмыстық қудалау органдарынан жалтарып, халықаралық іздестіруге жарияланған.

Биыл қаңтар айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.

Қазіргі таңда тұлға тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Көп оқылғандар