Сурет: Aikyn.kz
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын танытатын тағы екі құндылық ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының өңірлік тізіміне қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жөнінде Вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді. Оның сөзінше, Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-отырысында Қазақстан ұсынған «Есік жазуы» және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басылымдарға шыққан туындыларының топтамасы» атты екі номинацияны аталған бағдарламаның өңірлік тізіліміне енгізу туралы шешім қабылданды.
«Мемлекет басшысының Қазақстанның құжаттық және материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның беделді тізімдеріне енгізу жөніндегі бастамаларын іске асыру жұмысы жалғасуда», – деп жазды Ерлан Қарин.
Вице-президент желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-сессиясында тағы үш номинацияның тағдыры шешілетінін жеткізді.
Атап айтқанда, Қазақстанның қатысуымен әзірленген «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте» және «Дәстүрлі киіз басу: киіз басу» атты көпұлтты номинациялар, сондай-ақ еліміз ұсынған «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі» Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілуі мүмкін.
«Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған номинацияларды тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды беріп отыр. Осылайша, ЮНЕСКО тізімдері ұлтымыз бен еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытатын жаңа қазақстандық номинациялармен толығуда», – деді Ерлан Қарин.
Мазмұнға өту
