Сурет: Aikyn.kz
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының жыл сайынғы отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстандағы ЮНЕСКО комитеттерінің жетекшілері мен сарапшылар қатысты. Отырыста ЮНЕСКО және ИСЕСКО-мен ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Ерлан Қарин Президенттің ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың маңыздылығына тоқталды. Жасанды интеллект саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу және су мәселесі бойынша жаһандық күн тәртібін ілгерілету міндеттері қойылды.
Сондай-ақ ЮНЕСКО мен ИСЕСКО-ның Астанадағы Өңірлік экологиялық саммит және Алтын Ордаға арналған халықаралық симпозиумды ұйымдастыруға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Қатысушылар алдағы іс-шараларға дайындықты пысықтады, оның ішінде ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Ермек Серкебаев пен Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойларын атап өту және Пусандағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің 48-сессиясына қазақстандық делегацияның қатысуы қарастырылды. Бұл сессияда Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» номинациясы талқыланады.

