Сурет: ашық дереккөз
14 тамызда Қазақстанның энергетикалық жүйесінде қуаттың күрт артуына байланысты апатқа қарсы автоматика іске қосылып, елдің кей өңірлеріндегі тұтынушылар электр қуатынан ажыратылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұған Орталық Азияның энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі себеп болған. Осының салдарынан энергетикалық жүйеде қуаттың күрт артуы тіркеліп, апатқа қарсы автоматика іске қосылған. Нәтижесінде Қазақстанның жекелеген өңірлеріндегі тұтынушылар электр желісінен ажыратылды.
Қазіргі уақытта жүйелік оператор «KEGOC» АҚ электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Кейбір өңірлерде электр энергиясы қайта берілді.
Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру барысы туралы қосымша ақпарат беріледі.
Айта кетейік, бүгін Алматы қаласы мен Алматы облысының бірқатар ауданында электр энергиясы жаппай өшкені хабарланған еді. Қаланың ең көп жүктелген учаскелерінде 150-ден астам полицей кезекшілік атқарып, көлік қозғалысын қолмен реттеп жатыр.
Мазмұнға өту
