Басты тақырып

Энергетика министрі Алматы ЖЭО-ларын жаңғырту барысын тексерді

Сурет: Энергетика министрлігі

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарына барып, станцияларды табиғи газға көшіру жобаларының барысымен танысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ЖЭО-2-де құрылыстың жалпы дайындығы 92%-ды құрады. Технологиялық жабдықтарды жеткізу толығымен аяқталған. Құрылыс алаңында 1,5 мың маман мен 140-тан астам арнайы техника жұмыс істейді. Министр құрылыс қарқынын сақтауды тапсырып, мердігерлерге қосымша монтажшылар мен дәнекерлеушілерді тартуды, іске қосу-баптау құжаттарын келісуді жеделдетуді міндеттеді.

ЖЭО-3-те тексеру барысында жоба кестесінен едәуір артта қалу анықталды. Нысанның дайындығы шамамен 26%-ды құрайды. Негізгі жабдықтарды жеткізу мерзімдері кешігіп, нақты жұмыс істеп жатқан қызметкерлер саны 600 адамнан аспайды, ал жоспар бойынша 1 600 адам қажет. Бұл станцияның бірқатар нысандарындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзіміне кері әсер етуде.

Министр тапсырыс беруші мен бас мердігерге қысқа мерзімде құрылыс қарқынын күшейтіп, персонал мен техника санын жобалық талаптарға жеткізуді тапсырды.

«Бекітілген мерзімдер өзгермейді, ешқандай кейінге қалдыру мәселесі қарастырылмайды. Кадр тапшылығын дереу жойып, құрылыс алаңындағы арнайы техниканың көлемін бірнеше есе арттыруды талап етемін», деді Ерлан Ақкенженов.

Сондай-ақ жабдықтарды жеткізуді жеделдету, жұмыс кестесін жаңарту және жоба мерзімдерін сақтау тапсырылды. Министр алдағы апталарда артта қалған нысанда ресурстар толық жұмылдырылмаса, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.

Көп оқылғандар