Қоғам

Елорда мектептерінің бейнекамералары бірыңғай жүйеге қосылды

Сурет: ашық дереккөз

Жаңа оқу жылы қарсаңында Астана мектептерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі уақытта қаладағы мемлекеттік мектептердегі 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы Ахуалдық орталық пен Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қауіпсіздік жүйесін жаңғырту бірнеше кезеңмен жүргізілуде. Жобаның алғашқы кезеңінде 2025 жылы Астанадағы 100 мектепке 1 940 камера мен 100 SOS батырмасы орнатылды.

Сонымен қатар, 122 мектепте бұрыннан бар 6 900-ден астам камера бірыңғай жүйеге біріктірілді. Бұл мектептердегі ахуалды орталықтан бақылап, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Жүйенің маңызды бөлігі – жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика. Ол төбелес, буллинг, күдікті адамдардың әрекеті сияқты штаттан тыс жағдайларды автоматты түрде анықтап, тиісті қызметтерге хабарлайды.

Қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметовтің айтуынша, мақсат – оқиғаларды тіркеумен шектелмей, ықтимал қатерді алдын ала анықтап, әрекет ету уақытын қысқарту.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мамандар мектептердегі жабдықтардың техникалық жағдайын тексерді. Камералардың қамту аймағы, SOS батырмаларының жұмысы, бейнежазбалардың тұрақты берілуі және бейнеаналитика жүйесінің тиімділігі сараланды.

Жобаның соңғы кезеңін 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша елорданың мемлекеттік мектептерінде барлығы 5 800-ден астам жаңа камера мен 300 SOS батырмасы орнатылады.

Жобаны Астана қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы мен «Astana Innovations» АҚ бірлесіп жүзеге асыруда.

Көп оқылғандар