Қоғам

Елімізде жол апатынан қаза тапқандар саны 20,9%-ға азайды

Сурет: Константин Шелков

Денсаулық сақтау министрлігі жарты жылдық қорытындысында ана өлімі мен жол апатынан қаза тапқандар санының азайғанын хабарлады. Ана өлімі 17,5%-ға, жол апатынан болатын өлім 20,9%-ға төмендеген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарғанын айтты. Жалпы өлім 0,8%-ға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 10,9%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім 5%-ға, жол апатынан болатын өлім 20,9%-ға азайған.

«Денсаулық сақтау жүйесі жұмысының басты нәтижесі – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Оң динамика қабылданып жатқан шаралардың нәтиже беріп отырғанын көрсетеді. Енді осы нәтижені бекітіп, барлық өңірде сапалы медициналық көмектің бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды», деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Жеті айдың қорытындысы бойынша ана өлімі 100 мың тірі туған балаға шаққанда 9,7-ден 8,0-ге дейін төмендеген. Нәресте өлімі 5,93 құрап, жоспарлы көрсеткіш 7,3 болса, неонаталдық өлім 3,05-ке жетіп, жоспар 4,1-ді құраған. Екінші жартыжылдықта жүктілік асқынуларының алдын алуға, әйелдер мен балаларды медициналық бақылау сапасына, патронажға және медициналық көмекті уақтылы көрсетуге баса назар аударылады.

МСАК ұйымдарына денсаулығын тексеруге баратын адамдар саны 33,7%-ға артып, жылдық жоспар 27%-ға орындалған. Онкологиялық скринингтен өткендер саны 37,6%-дан 42%-ға дейін өскен. Қатерлі ісіктердің ерте сатыларын (0–I) анықтау көрсеткіші 34,3%-ды құрап, жоспар 33,8% болған.

Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларындағы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі 34,9%-ға жетіп, жоспар 32% болған. Дәрілік заттардың қозғалысын қадағалау көрсеткіші 77%-ды құрап, жылдық жоспардан (75%) асып түскен. Соңғы үш жылда медицина қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының көлемі 6,7 есеге өскен.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша 24 негізгі көрсеткіштің бесеуі қосымша назар аударуды қажет етеді. Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына аталған көрсеткіштерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, нақты шаралар қабылдау тапсырылған.

«Ел бойынша орташа көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы проблемаларды жасырып қалмауға тиіс. Жыл қорытындысы бойынша бізге себептерді түсіндіру емес, көрсеткіштердің нақты жақсаруы және халық үшін нақты нәтиже қажет», деді Тимур Сұлтанғазиев.

Екінші жартыжылдықта министрлік халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына әсер ететін көрсеткіштерді жақсартуға күш салады. Сондай-ақ, психикалық денсаулықты сақтау тәсілдері жаңғыртылып, аурудың алдын алуға, ерте анықтауға және жүйелі қолдау көрсетуге басымдық беріледі. Үкіметте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңа нысандар салу және жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу мәселелері қарастырылуда.

Көп оқылғандар