Categories Саясат

Елдік бағдарламаға көшу мәселесі талқыланды

Сурет: Gov

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Лайықты еңбек мәселелері бойынша техникалық қолдау тобының және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған бюросының директоры Михаил Пушкинмен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде тараптар Қазақстандағы лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі бірлескен Жол картасын іске асыру қорытындыларын және жаңа Елдік бағдарлама жобасын әзірлеу мәселелерін талқылады.

А.Ертаев екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, Жол картасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Жол картасы аясында ХЕҰ-мен бірлесіп еңбек қауіпсіздігі мен еңбек инспекциясы саласында үш талдамалық жоба жүзеге асырылды. Қазір ХЕҰ-ның №176 Конвенциясын (шахталардағы еңбек қауіпсіздігі туралы) ратификациялау жөніндегі заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Сондай-ақ 2026 жылға арналған заң шығару жұмыстары шеңберінде кәсіптік тәуекелдерді басқарудың проактивті жүйесіне көшуге бағытталған түзетулер әзірленді.

Кездесуде еңбекақы төлеу және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ең төменгі жалақы мөлшерін айқындаудың жаңа әдістемесі енгізіліп, ХЕҰ-ның №131 Конвенциясы ратификацияланды. Мемлекеттік органдардың келісуінде әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы №102 Конвенцияны ратификациялау жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр. №190 Конвенцияны ратификациялауға дайындық аясында қызметкерлерді жұмыс орнындағы харассменттен қорғауға бағытталған түзетулердің алғашқы топтамасы әзірленді.

«Біз қалыптасқан сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және Елдік бағдарламаны әзірлеу мен іске асыруды қамтитын жаңа кезеңде өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екенімізді растаймыз», деді А.Ертаев.

Ынтымақтастықтың жаңа форматына көшу жөніндегі қағидатты келісімге биылғы маусымда ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесу барысында қол жеткізілді. Болашақ бағдарламаның негізгі бағыттарына әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыс орнындағы қысым көрсету әрекеттерінің алдын алу, цифрландыру мен жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалын зерделеу кіреді.

А.Ертаев бұл ынтымақтастық әлеуметтік әділеттілік пен орнықты даму саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететініне сенім білдірді. М.Пушкин Қазақстанда Елдік бағдарламаны ілгерілетуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ХЕҰ бюросының еңбек инспекциясы және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маманы Дарко Дочинский, ХЕҰ-ның Астана қаласындағы жобалық кеңсесінің ұлттық жоба үйлестірушісі Сауле Исабекова қатысты.

Ұқсас жазбалар

Еуропарламентте Қазақстанның саяси реформалардағы жетістігі атап өтілді

Еуропарламентте Қазақстанның саяси реформалар жолындағы прогрессі атап өтілді.

Еуропарламентте Қазақстанның саяси реформалардағы жетістіктері талқыланды

Еуропарламентте Қазақстанның саяси реформалардағы жетістіктері талқыланды. Депутат Томаш Здеховски Қазақстанды ЕО-ның негізгі серіктесі деп атады.

Парламент Үкіметтің 2025 жылғы бюджет атқарылымы туралы есебін мақұлдады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдады.