Басты тақырып

Эльбрус тауында екі күнде алты альпинист қаза тапты

Сурет: istockphoto.com

Ресейдің Эльбрус тауында 25-26 шілде күндері ауа райының күрт нашарлауынан алты альпинист қаза тапты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кабардин-Балқар Республикасындағы Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 25 шілде кешінде 5100 метр биіктіктегі Эльбрус седловинасында жеті альпинисттен тұратын топ өздігінен төмен түсе алмай қалған. Оқиға орнына Эльбрус жоғары таулы іздестіру-құтқару жасағының мамандары жіберілді.

Құтқарушылар көрсетілген жерге жеткенде екі альпинистің мәйітін тапқан. Түнде тағы екі адам тірі табылып, төменге эвакуацияланып, дәрігерлерге тапсырылды. Қалған үш адамның мәйітін іздеу жалғасқанымен, боран мен екпінді жел салдарынан оларды эвакуациялау мүмкін болмады. Іздестіру жұмыстары 27 шілде таңертең қайта жалғасады.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, жеті альпинистің барлығы Босния және Герцеговина азаматтары болған. Тергеу органдары оқиғаға байланысты тексеру бастап, қылмыстық іс қозғады.

26 шілдеде Эльбрусте тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. 5300 метр биіктікте көмек сұраған Ресейдің екі азаматының бірі құтқарушылар келгенше көз жұмған. Екінші альпинист эвакуацияланды, алайда қолайсыз ауа райына байланысты қаза тапқан адамның денесін алып шығу әзірге мүмкін болмай отыр.

Көп оқылғандар