Сурет: Kazinform
Эльбрус тауында екі альпинист көз жұмды. Құтқарушылар тағы 4 адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Эльбрус тауының 5,1 мың метр биіктіктегі асуында 7 альпинист төменге түсе алмай, көмек сұраған. Оқиға орнына Эльбрус биік таулы іздеу-құтқару жасағының қызметкерлері жіберілді.
Кейін жедел қызмет өкілдері альпинистердің бірі таудан түсіп, жағдайды баяндағанын хабарлады. Оның айтуынша, тау басында екі альпинистің жағдайы нашарлап, қайтыс болған.
Кабардин-Балқарияның тергеу комитеті екі альпинистің қазасын растады. Жедел қызметтердің мәліметінше, олар шетел азаматтары.
Қазір құтқарушылар тағы 4 альпинисті іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.
Төтенше жағдайлар министрлігі Кабардин-Балқарияның туристік бағыттарында жалпы саны 1077 адамнан тұратын 130 туристік топ тіркелгенін атап өтті.
Бұған дейін Эльбрусқа көтерілу кезінде 11 жастағы бала қаза тапқан болатын. Өткен жылы Эльбруста аспалы жолдағы апат салдарынан екі адам мерт болып, тоғызы жарақат алды.
Мазмұнға өту
