Қоғам

eGov жүйесі бұзылмаған: 15 млн азаматтың дерегі тарады деген ақпарат жалған

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізгенін мәлімдеді. eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткізіп, оларды талдаған. Бұл әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды. Олар eGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі емес. Жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді.

Сонымен қатар, eGov жүйелерінде хабарландыру авторы көрсеткендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен қалыптастырылады және сақталады.

Ресми түрде тағы да мәлімдейміз: eGov жүйесі бұзылған жоқ. 15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстар өкілдеріне ескертеміз: darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейді. Миллиондаған азаматтың дербес деректері туралы сөз болған жағдайда, ақпаратты белгіленген факт ретінде таратпас бұрын, оның шынайылығын мұқият тексеріп алған дұрыс.

Көп оқылғандар