Жайық news

Дзюдодан Қазақстан чемпионатында алғашқы күннің жеңімпаздары анықталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Оралда өтіп жатқан дзюдодан ел чемпионатының алғашқы күнінде ерлер арасында 60 және 66 келі, әйелдер арасында 48 және 52 келі салмақ дәрежелерінде жүлдегерлер белгілі болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ерлер арасында 60 келіде Нұрдәулет Мейрамбеков (Қызылорда облысы) чемпион атанды. Екінші орынды Мади Серіков (Абай облысы) иеленді. Үшінші орынды Мағжан Шамшадин (Қызылорда облысы) пен Дильшод Миртурсын (Шымкент қаласы) бөлісті.

66 келіде Ердәулет Бозжа (Қызылорда облысы) топ жарды. Күміс жүлде Нұрсұлтан Зайзағалиевке (БҚО) бұйырды. Қола жүлдені Данияр Қалмағамбетов (Ақтөбе облысы) пен Есентай Имаханов (Абай облысы) иеленді.

Әйелдер арасында 48 келіде Ғалия Тынбаева (Алматы қаласы) жеңімпаз атанды. Екінші орынды Иянат Жұбатқан (Ақтөбе облысы) алды. Үшінші орынды Ұлболсын Абдукаримов (Түркістан облысы) пен Аяулым Турдике (Маңғыстау облысы) бөлісті.

52 келіде Аружан Ережепова (Алматы облысы) чемпион атанды. Күміс жүлде Меруерт Сәрсеноваға (Маңғыстау облысы) бұйырды. Қола жүлдені Нұрбала Зайнул (Түркістан облысы) мен Айшабибі Мурадимова (БҚО) иеленді.

Айта кетейік, 1 қыркүйекке дейін жалғасатын ел додасында еліміздің 20 өңірінен 600-ге жуық спортшы 14 салмақта жеңімпазды анықтайды.

Көп оқылғандар