Сурет: istockphoto.com
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі азаматтардың дербес деректерінің даркнетте жарияланғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған мәліметтерге техникалық сараптама жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Мамандар деректер үлгілерін зерттеп, олардың ықтимал шығу көзін анықтауда.
Министрлік электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылғаны немесе деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы ақпараттың расталмағанын атап өтті. Сондай-ақ жарияланымдардағы деректердің бір бөлігі электрондық үкімет жүйелеріндегі ақпараттың құрылымы мен форматына сәйкес келмейтіні анықталған.
«eGov жүйесінде паспорттардың жарияланымдарда көрсетілген форматтағы скан-көшірмелері сақталмайды. Ал цифрлық құжаттардың форматы бұдан өзгеше. Қазір техникалық тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі», делінген хабарламада.
Бұған дейін Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев еліміздегі барлық мемлекеттік орган QazTech платформасына көшкенін айтқан болатын.
Мазмұнға өту
