Қоғам

Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға қабылдаудың жаңа ережелерін түсіндірді

Сурет: istockphoto.com

Елімізде резидентураға қабылдау тәртібі жаңартылды. Биыл алғаш рет конкурс толықтай бірыңғай электрондық платформа арқылы өткізіліп, үміткерлер автоматтандырылған рейтингтік жүйе негізінде іріктеліп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа ережеге сәйкес, конкурстық балл екі көрсеткіштің негізінде тең үлеспен қалыптастырылады. Оқуға түсер кезде студенттің оқу кезеңіндегі академиялық үлгерімін көрсететін GPA және тәуелсіз қорытынды аттестаттау (ТҚА) нәтижесі ескеріледі. Министрлік бұл тәсіл түлектің тек қорытынды емтихандағы білімін ғана емес, бүкіл оқу кезеңіндегі даярлық деңгейін бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар ведомство GPA жекелеген жоғары оқу орындарының түлектеріне артықшылық береді деген пікірді жоққа шығарды.

«Жүргізілген талдау нәтижесінде медициналық жоғары оқу орындарының орташа GPA көрсеткіштері арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ екені анықталған. Ал ТҚА барлық түлек үшін бірдей талаптар бойынша өткізілетіндіктен, олардың білім деңгейін объективті салыстыруға мүмкіндік береді. 30 шілдедегі мәлімет бойынша электрондық платформада 14 мыңнан астам өтінім өңделген. Биыл конкурсқа шамамен 8,9 мың үміткер қатысады деп күтіліп отыр. Оның ішінде 2,6 мыңнан астамы – өткен жылдардың түлектері. Сондай-ақ биыл конкурсқа алты жылдық және жеті жылдық білім беру бағдарламаларының түлектері бір мезгілде қатысып жатыр», делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, 2024 жылдан бері резидентураға жыл сайын 2 500 мемлекеттік грант бөлінеді. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен қосымша гранттар қарастырылып, ақылы негізде білім алу мүмкіндігі сақталған. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 3 500 жас дәрігер мемлекет қолдауымен резидентурада оқуын жалғастырады.

Соған сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы денсаулық сақтау саласының нақты қажеттілігіне қарай қалыптастырылады. Қазіргі таңда Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы шамамен 3,9 мың маманды құрайды. Ең жоғары сұраныс жалпы практика дәрігерлері, терапевтер, хирургтер және педиатрларға байқалады.

Министрлік резидентураға түсе алмаған түлектер алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына, аудандық және ауылдық ауруханаларға жұмысқа орналаса алатынын атап өтті. Ал интернатураны тәмамдаған дәрігерлер өз бетінше медициналық қызмет көрсетуге құқылы.

Көп оқылғандар