Сурет: Egemen Qazaqstan
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір басшыларына балаларға стоматологиялық көмек көрсетуді жақсартуды тапсырды. Ерекше назар мектеп жасына дейінгі балаларға және талон алу кезіндегі кезектерді жоюға аударылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, басты мақсат – қағаз жүзіндегі есеп емес, әр көрсеткіштің артында нақты бала мен отбасы тұр. Егер ата-ана таңғы сағат бесте кезекке тұруға мәжбүр болса, жүйе толық жұмыс істемейді.
«Біз үшін ең бастысы – есептілік те, қағаз жүзіндегі көрсеткіштер де емес. Әр көрсеткіштің артында нақты бала және нақты отбасы тұр. Егер ата-ана баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат беске келіп, кезекте тұруға мәжбүр болса, демек, жүйе жеткілікті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ. Біз мұны түзетуіміз керек», деді Ақмарал Әлназарова.
Министр елде балаларға стоматологиялық көмек көрсету үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасқанын атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бұл көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады, сондықтан ресурстарды тиімді пайдалану маңызды.
«Бүгінде балаларға стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан бұл мәселені ата-аналардың мойнына жүктемеуіміз және әр жолы қосымша бюджет қаражатын іздемеуіміз керек. Ең алдымен, қолда бар ресурстардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру қажет», деп атап өтті министр.
Министр облыс әкімдерінің орынбасарлары мен бейінді басқармаларға денсаулық сақтау, білім беру басқармалары, медициналық ұйымдар және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
«Ата-аналар әлеуметтік желілерге жүгінуге немесе шағым жазуға мәжбүр болғанша күтпеуіміз керек. Жергілікті жердегі басшылар мұндай мәселелерді азамат медициналық көмек алу кезінде кедергіге тап болғанға дейін анықтап, дер кезінде шешуі тиіс», деді министр.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігін ерекше бақылауға алу тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды мониторингтеуді және барлық өңірлерде медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігін бағалауды жалғастырады.
Мазмұнға өту
