Спорт

Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты бірнеше апта алаңға шықпайды

Сурет: ашық дереккөз

Футболшы Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты бірнеше аптаға қатардан шығып қалды. Бұл туралы «Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

18 жастағы шабуылшы Чемпионшиптегі «Мидлсброға» қарсы матчта жарақат алған. Сәтпаев кездесудің 81-минутында алаңнан ауыстырылды. Ойын соңында ол ақсандап, санның артқы бөлігін ұстап жүрген.

Бастапқыда бапкер футболшының бұлшықеті түйіліп қалған болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда кейінгі медициналық тексеру жарақат алғанын көрсетті.

«Өкінішке қарай, ол бірнеше апта ойнай алмайды. Оның маусым алдындағы дайындығы толыққанды болған жоқ. Біз футболшыларға қажетті жүктемені беріп, сонымен бірге оларды жарақаттан қорғауға тырысамыз. Осы екі нәрсенің арасындағы дұрыс тепе-теңдікті табуымыз керек», деді Ники Хайен.

Жарақатына байланысты Сәтпаев «Бернлидің» «Бристоль Ситиге» қарсы кездесуін өткізіп алды. Бұл ойында оның командасы 1:2 есебімен жеңілді.

Футболшының жарақаты оның Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы алғашқы ойындарына қатысуына да күмән келтіріп отыр. Қазақстан құрамасы 26 қыркүйекте сырт алаңда Фарер аралдарымен, 29 қыркүйекте Словакиямен ойнайды. Одан кейін 2 қазанда Молдованы, 6 қазанда Фарер аралдарын қабылдайды.

Сәтпаев «Мидлсброға» қарсы ойында «Бернли» сапындағы ең жақсы матчтарының бірін өткізген еді. Ол негізгі құрамда шығып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Екінші таймда қарсы шабуылдан кейін командасын алға шығаруға мүмкіндік алғанымен, оның соққысын қақпашы қайтарды.

Матч аяқталған соң жанкүйерлер Сәтпаевты ойынның үздік футболшысы деп танып, оны тік тұрып қошеметпен шығарып салған.

Еске салайық, Дастан Сәтпаев ағылшын АПЛ-дің ресми матчтарына қатысқан алғашқы қазақ футболшысы. Шабуылшы Англияға тамыз айында, 18 жасқа толған соң ауысуы керек болған. Алайда «Челси» басшылығы оны алдын ала шақырып, Аустралиядағы маусым алдындағы дайындыққа қатыстырды. Маусым алдындағы турне аясында Сәтпаев «Челсидің» төрт жолдастық кездесуінің үшеуінде алаңға шықты. Ол «Вестерн Сиднейге» қарсы дебюттік ойынында алғашқы голын соқты. Ал 14 тамызда Дастан Сәтпаев ресми түрде «Челси» құрамына еніп, «Бёрнли» клубына жалға берілді.

Көп оқылғандар