Categories Саясат

Черногория Президенті Қазақстанның реформаларын жоғары бағалады

Сурет: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға жасаған тұңғыш ресми сапары барысында Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді. Мәртебелі мейман екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, туризм, логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Яков Милатович Орта дәліз арқылы көлік қатынасын дамытудың маңызына тоқталды. Ол Черногорияның Орталық Азиядағы дипломатиялық ықпалын кеңейтуге ниетті екенін айтып, Қазақстанды аймақтағы іргелі серіктес, сенімді дос деп бағалады.

Президент биыл Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 20 жыл толғанын атап өтті. Ол сапардың тарихи мәні зор екенін, себебі Черногория Президенті Қазақстанға тұңғыш рет арнайы келіп отырғанын жеткізді.

Бұл – расында да тарихи сапар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келіп отырмын. Былтыр Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында жолыққанда, Президент мырза Қазақстанға келуге ұсыныс жасаған еді. Биыл сол бастаманы жүзеге асырудың сәті түсті.

Яков Милатович бұл жыл Черногория үшін де айрықша екенін, тәуелсіздігін қайта жариялағанына және Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатқанына 20 жыл толып жатқанын айтты. Оның пікірінше, сапар екі ел арасындағы достық пен серіктестіктің ең жоғары саяси деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Президент сапар саяси диалогты жаңа биікке көтергенін, достық қарым-қатынасты мазмұнды істермен толықтыруды көздейтінін жеткізді. Ол Қазақстанға дос ретінде, дос елге келгенін атап өтті.

Экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беру мақсатымен Черногориядан отызға жуық түрлі сала өкілінен құралған ірі бизнес-делегациямен келгенін айтты. Олар қазақстандық әріптестерімен бизнес-форумда кездесіп, екіжақты іскерлік байланысты дамыту жолдарын талқылады.

Яков Милатович «Air Astana» ұлттық әуе компаниясымен ұшып келгенін, ол Черногорияны Астанамен де, Алматымен де байланыстырып тұрғанын айтты. Бес жарым сағаттық жол сапары өте сәтті болған. Бес жылдан бері жұмыс істеп тұрған бұл әуе бағыты екі елдің арасын жақындата түскен. Қазақстандық туристер Черногорияға жиі келе бастаған, визасыз режимнің арқасында өз азаматтары да Қазақстанға ағылып келіп жатыр.

Президент кеше екіжақты үш келісімге қол қойылғанын атап өтті. Бұл құжаттар сауда-өнеркәсіп палаталары, ұлттық туристік ұйымдар және мемлекеттік телерадиокомпаниялар арасындағы ынтымақтастықты реттейді. Үкіметтер бірқатар жаңа құжат әзірлеп жатыр, соның бірі — экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісім. Ол екі ел арасында Экономикалық кеңес құруға құқықтық негіз қалайды. Сондай-ақ цифрландыру саласындағы министрліктер арасында серіктестік орнату жоспарлануда. Черногория Қазақстанның озық тәжірибесінен үйренері мол деп біледі.

Үшінші бағыт — әділет министрліктерінің өзара іс-қимылы. Бұл бастамалар құқықтық базаны жетілдіріп, қарым-қатынасқа тың серпін береді.

Яков Милатович екі мемлекет БҰҰ-ны халықаралық тәртіптің алтын қазығы деп танитынын айтты. Дипломатиялық өкілдіктер арқылы мемлекеттер арасында бейбітшілік пен ынтымақтастықты дәйекті түрде насихаттап келеді. Геосаяси ахуал күрделі мына заманда Қазақстан мен Черногорияның ұстанымы өте үндес. Пікірлес елдер ретінде байланысты бекемдей түсу — стратегиялық маңызды міндет.

Черногория Еуропалық одаққа мүшелікке өту үдерісінің соңғы кезеңінде тұр. Үміткер он елдің ішіндегі дайындығы ең жоғары мемлекет — біз. Жақында Черногорияда Еуроодақ көшбасшыларын қабылдадым, баршамыз 2028 жылға қарай Черногория одақтың келесі мүшесі атанады деген сенімдеміз. Еуропалық одаққа мүшелік Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа алаңын ашады. Еуроодақ — Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Черногория Еуроодаққа қосылғаннан кейін, Еуропа мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты бұрынғыдан да биік деңгейге көтеруге үлес қосады деп жоспарлап отырмыз.

Экономикалық қарым-қатынасты тереңдетуге әлеуеті мол салалар туралы сұраққа Президент ең алдымен туризмді атап өтті. Бұл — Черногория экономикасының негізгі тірегі. Біз Қазақстан азаматтары үшін еліміздің тартымдылығын арттыруға ұмтыламыз.

Ұқсас жазбалар

«Жас сақшы» полиция сыныптарының алғашқы түлектері сертификат алды

Ішкі істер министрлігі «Жас сақшы» полиция сыныптарын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Бұл сыныптар өскелең…

Қазақстан мен Черногория арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Премьер-министр Олжас Бектенов Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесіп, екі ел президенттерінің келіссөздері нәтижесінде қол жеткізілген…

Мәжілісте Черногория Президентімен кездесу өтті

Мәжілісте Палата спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичті қабылдады. Бұл…