Басты тақырып

Бурабайда шетелдік қазақ балаларына арналған «Атамекен» құрылтайы өтуде

Сурет: Ризабек Нүсіпбек/Kazinform

Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жобаға әлемнің 11 елінен 288 этникалық қазақ баласы қатысуда. Олар екі апта бойы тарихи Отанында демалады және мәдени-танымдық, тәрбиелік бағдарламаларға қатысады.

Құрылтай аясында қатысушылар Бурабайдың табиғатымен танысып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін үйренеді. Олар ұлттық ойындар, қолөнер және өнер сабақтарына қатысып, спорттық жарыстарда бақ сынайды, шығармашылық кездесулер мен экскурсияларға барады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба шетелдегі қазақ балаларының достық қарым-қатынас орнатуына және ана тілі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне мүмкіндік береді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мұндай жобалардың шетелдегі қандас балалардың тарихи Отанымен байланысын нығайтудағы маңызын атап өтті.

– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының негізгі миссиясы – балаларды тарихи Отанымен байланыстырып, ұлттық тамырын тереңдету. Небәрі бес баладан басталған бұл жоба бүгінде 288 баланы қамтып отыр. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің азаматы. Елге келген соң балалар бір-бірімен танысып, араласады. Бұл – келешек үшін маңызды рухани көпір. Болашақта Қазақстанға келіп білім алып, елдің дамуына үлес қосатын жастарға жол ашылады, – деді Зауытбек Тұрысбеков.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызының айтуынша, жоба 2003 жылы жеті баламен басталып, қазір ауқымды халықаралық бастамаға айналған.

– Өтініш білдірген қандастардың арасынан әртүрлі салада жетістікке жеткен, жүлделі орын алған дарынды балалар іріктеледі. Бір сөзбен айтқанда, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған, сайдың тасындай іріктелген балалар. Іс-шараның басты мақсаты – шетелдегі қазақ балаларын Атажұртымен байланыстыру, қазақ халқының болмысын, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін тереңірек таныту. Биылғы құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – Қытайдан келген жас ақындардың балаларға айтыс өнерін көрсетуі, – деді Қарлығаш Бекпатшақызы.

Биылғы құрылтайға Моңғолиядан – 70, Қытайдан – 60, Өзбекстаннан – 50, Ресейден – 45, Қырғызстаннан – 35, Түрікменстаннан – 15, Түркиядан – 4, Ауғанстан мен Ираннан үш-үштен, Тәжікстаннан – 2 және Еуропа елдерінен 1 бала қатысуда. Жалпы қатысушылар саны – 288.

Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын шетелдегі этникалық қазақ балаларының тарихи Отанында демалуына арнайы квота бөледі. Ал Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қатысушыларды іріктеу, құжаттарын рәсімдеу, жол жүруін ұйымдастыру және құрылтай бағдарламасын үйлестіру жұмыстарын атқарады.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы шетелдегі қазақ балаларының ұлттық бірегейлігін сақтауға, Қазақстанмен рухани байланысын тереңдетуге және әлем қазақтарының тұтастығын нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық жоба болып қала береді.

Көп оқылғандар