Қоғам

«Бурабай» паркінде полиция 83 заңбұзушылықты анықтады

Сурет: burabaypark

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде кезекті рейд барысында рұқсат құжатынсыз туристік қызмет көрсетудің үш фактісі анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар, тағы 8 заңбұзушылық автокөліктердің орман аумағына және жағалау аймағына рұқсатсыз кіруіне, сондай-ақ шатырларды белгіленбеген жерлерге тігуіне қатысты болған. Кезекті рейд нәтижесінде «Бурабай» паркінің мемлекеттік инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 11 фактісін анықтады.

Ұлттық парк өкілдері туристік қызмет ұйымдастырушылардың өтініш беріп, келісімшарт жасасып, әр туристік бағытқа маршруттық парақ рәсімдеуі қажет екенін еске салды.

«Ұлттық паркке туристік топтардың қозғалысын кім және қандай бағыттар бойынша ұйымдастыратынын білу, сондай-ақ жекелеген табиғи нысандарға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алу маңызды», — деп түсіндірді «Бурабай» паркінің туризм және рекреация бөлімі.

Демалушылар тарапынан жасалатын заңбұзушылықтар да анықталып жатыр. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан көліктердің рұқсатсыз шығып кетуі топырақ пен өсімдік жамылғысына зиян келтіреді. Ұлттық парк аумағында шатыр тігу үшін арнайы белгіленген орындар қарастырылған.

«Бурабай» МҰТП аумағында жаз мезгілінде рейдтік іс-шаралар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жүргізіледі. Оларға мемлекеттік инспекторлармен қатар полиция және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.

Мәселен, полиция қызметкерлері екі демалыс күнінің ішінде 83 заңбұзушылықты анықтады. Олардың қатарында қауіпсіздік белдігін тағу және сыртқы жарық құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік басқару, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған бұзушылықтар, міндетті техникалық байқаудан және сақтандыру полисінен өту талаптарын сақтамау, сондай-ақ көліктерді заңсыз қайта жабдықтау фактілері бар.

Сонымен қатар тиісті жүргізуші куәлігі жоқ адамның көлік басқарғаны анықталды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің жолын кесті. Олардың ішінде тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу және алкогольдік ішімдіктер ішу жағдайлары бар.

Заңбұзушылықтарды анықтаумен қатар, мемлекеттік инспекторлар профилактикалық жұмыстар жүргізіп, келушілерге заң талаптары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу ережелерін түсіндіреді. «Бурабай» паркінің өкілдері ұлттық парк мәртебесі аумақта ерекше қорғау режимінің сақталуын талап етеді.

Көп оқылғандар