Сурет: ашық дереккөз
Ұлыбританияда 80-ге жуық актер мен музыкант жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен адам дауысын клондауға шектеу қоюды талап етіп, петицияға қол қойды. Олар үкіметті әр азаматтың өз дауысына меншік құқығын заң жүзінде бекітуге шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
BBC дерегінше, Хью Бонневилль, Мэтт Лукас, Никола Кофлан сынды кино жұлдыздары мен тағы 80-ге жуық актер мен музыкант «Даусымызды қорғаңыз – дәл қазір!» науқанын қолдап, адам дауысын ЖИ арқылы пайдалануға заңнамалық тыйым салуды талап еткен.
Науқанға қатысушылардың пікірінше, парламент әр азаматтың өз дауысына ресми меншік құқығын бекітетін заң қабылдауы тиіс. Қазіргі ЖИ технологиялары нақты адамның дауысын дәлме-дәл көшіре алады. Тіпті сапасы төмен көшірме жасау үшін түпнұсқа жазбаның бірнеше секунды жеткілікті, ал бірнеше сағаттық жазбаны пайдаланса, дауыс иесінен айырмашылығы жоқ дерлік нұсқа алуға болады.
Петиция авторлары мұндай технологиялар актерлердің құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, қылмыс жасауға да қолданылуы мүмкін екенін атап өтті. Олардың мәліметінше, Ұлыбританиядағы ересек тұрғындардың 28 пайызы алаяқтардың ЖИ көмегімен көшірілген дауыс арқылы алдау әрекетіне тап болған.
Петицияға қол қойғандардың бірі, аудиокітаптарға дауыс беретін Элис Сокет бұл жағдайды шығармашылық индустрия үшін үлкен қауіп деп бағалады. «Менің дауысым көпшілікке қолжетімді, бірақ ол мүлдем қорғалмаған. Біз дауыстардың ұрлануына жиі куә болып жүрміз. Мұндай жағдайлар апта сайын кездеседі», деді ол.
Ұлыбритания үкіметінің ресми өкілі цифрлық көшірмелер шығармашылық индустрия үшін қуатты құрал бола алатынын, алайда бұл технологияны пайдаланудың белгілі бір қауіптері бар екенін айтты. «Біз шығармашылық еңбекпен айналысатын адамдарды бағалаймыз және олардың құқықтарын қорғаймыз. Сондықтан мұндай зиянның алдын алу жолдарын талқылау үшін қоғамдық консультация өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте шынайы инновацияларға кедергі келтірмеу маңызды», деді үкімет өкілі.
Бірнеше ай бұрын бір топ заңгер Ұлыбритания парламентін ЖИ қолдануды реттейтін жаңа заңдар қабылдауға шақырған еді. Олардың пікірінше, қолданыстағы заңнама қазіргі технологиялардың қарқынды дамуына байланысты бүгінгі талаптарға толық жауап бере алмайды.
Айта кетейік, Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс жасанды интеллект миллиондаған жұмыс орнының жойылуына, жаңа биологиялық қарудың жасалуына және биліктің санаулы корпорацияның қолына шоғырлануына әкелуі мүмкін деп есептейді.
