Басты тақырып

БҚО әкімі Президентке аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді

Сурет: Жайық Пресс

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Нариман Төреғалиевтің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 5 трлн теңгеге жетіп, үш жылда 13,6%-ға өскен. Өткен жылы тартылған инвестиция көлемі 874,5 млрд теңгені құрап, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6%-ға артық.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұрын берілген тапсырмалардың орындалу барысы жан-жақты баяндалды. Жақын арада Қарашығанақ кен орнында жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін газ өңдеу зауытының құрылысы басталады. Инвестициялық жобаның құны 1,7 трлн теңгені құрайды. Сондай-ақ, биылғы жылдың соңына дейін Жайық өзені арқылы жаңа көпір салуды бастау жоспарлануда.

Мемлекет басшысына соңғы үш жылда облыста жалпы құны 138 млрд теңге болатын 121 жаңа әлеуметтік нысан салынғаны жеткізілді. 1542 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде қайта құру жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы «Таскала» бекетінде осыған ұқсас жобаны іске асыру басталады. Сонымен қатар, төрт жаңадан салынған және қайта құрылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 млрд теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылғаннан бері 1414 жоба қаржыландырылып, шамамен екі мың жаңа жұмыс орны құрылды.

«Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында мыңнан астам адам көшіп келді. Барлық 218 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, қажетті әлеуметтік қолдау шараларын алды.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент аймақты одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Көп оқылғандар