Сурет: Ғылым және білім министрлігі
Биыл елімізде жалпы сыйымдылығы 6 857 орындық 18 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министр жаңа жатақханалар жастардың сұранысына сай, жайлы форматта жасақталып жатқанын атап өтті.
Мысалы, Астана қаласында Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа екі жатақхана 1,5 мыңнан астам студентті орналастыруға дайын. Ашылуы 22 тамыз күні өтеді.
Алматы қаласында Халықаралық білім корпорациясының 339 орындық заманауи жатақханасы биыл қолданысқа берілді. Қазір 7 жатақхананы іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 11 жатақхана іске қосылады.
«Оқу жылының басында студенттерден түсетін өтініштердің негізгі бөлігі жатақханаға орналастыру мәселелеріне байланысты. Осы себепті Алматы қаласында Ахуалдық және Дағдарыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылды. Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен ата-аналарға жатақханаға орналасу тәртібі, қажетті құжаттар және өтініш беру мәселелері бойынша нақты ақпарат беріледі», деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, Алматыда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешуге арналған ахуалдық орталық жұмысын бастады.
Сондай-ақ жатақханаға орналасу тәртібі, студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары және қандай да бір мәселе туындаған жағдайда қайда жүгінуге болады? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жауап берді.
Мазмұнға өту
