Әлем

Бішкекте заңсыз салынған балкондарды бұзу жұмыстары басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қырғызстан астанасы Бішкекте рұқсат құжаттары жоқ балкондарды алып тастау шаралары жүргізілуде. Билік кеңес дәуірінде салынған көпқабатты үйлердің бастапқы сәулеттік келбетін қалпына келтіруді мақсат етіп отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Балкондарды бұзу екі жыл бұрын қабылданған заң аясында жүзеге асырылып, Бішкектің бірнеше ауданын қамтиды. 2024 жылы қабылданған заң қала әкімдігіне ғимараттардағы заңсыз қосымша құрылыстарды бұзу құқығын берді. Құжаттың негізгі мақсаты – қаланың сәулеттік-эстетикалық келбетін жақсарту.

Посткеңестік кеңістіктегі көптеген қалаларда көпқабатты үйлердің қасбетінен шығып тұратын қайта жасалған балкондар жиі кездеседі. Мұндай құрылымдар Кеңес Одағы ыдырамай тұрып-ақ пайда болған. Тұрғындар шағын пәтерлердегі кеңістікті ұлғайту үшін балкондарын кеңейтіп, қайта жабдықтаған. Көбінесе бұл қосымша құрылыстар бетон балкондардың үстіне металл қаңқамен тұрғызылған.

Бішкек тұрғындары балкондарын жабық етіп қайта жасауды көшедегі шу мен шаңды азайту үшін қолға алғандарын айтады. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұзылатын балкон иелеріне алдын ала ғимаратты бастапқы қалпына келтіру жұмыстары туралы ресми хабарлама табысталады. Кейде жұмысшылар келгенде пәтер иелерінің үйде болмауы қиындық туғызғанымен, әкімдік заңсыз салынған және тиісті нұсқама берілген барлық балконның міндетті түрде сүрілетінін мәлімдеді.

Муниципалдық билік балкондардың бастапқы құрылымына енгізілген басқа да өзгерістермен, мысалы, қоршаулар мен шатырларды орнатумен де күресуде. Мұндай құрылымдар көбіне пәтер ішін сырт көзден жасыру үшін тұрғызылған.

Бішкектегі демонтаж жұмыстары Қырғызстанның 2026 жылдың жаз аяғында өтеді деп жоспарланған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Көшпенділер ойындарына дайындық аясында жүргізілуде. Дегенмен қала әкімдігі халықаралық іс-шараларға қарамастан заңсыз балкондарды бұзу тұрақты түрде жалғасатынын айтты.

Қалалық бастама қоғамда қызу пікірталас туғызды. Кейбір тұрғындар жұмысшылардың әрекетіне наразылық білдіріп, бір жағдайда құрылыс қалдықтары пәтер иесі үйде болмаған кезде оның қонақ бөлмесіне тасталғанын хабарлады. Әлеуметтік желілерде де пікір екіге жарылды. Бірі әкімдіктің қаланың сәулеттік үйлесімін қалпына келтіру әрекетін қолдаса, енді бірі қаланы «жансыз кеңестік эстетикаға» қайтаруды сынға алды. Instagram желісіндегі қолданушылардың бірі ескі көпқабатты үйлерді студенттер жатақханасына теңеп: «Бұл пәтерлерде тұрғындар емес, бүкіл қалада тек студенттер тұратын сияқты әсер қалдырады», деп жазды.

Көп оқылғандар