Сурет: ғаламтордан
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекова бұрынғы келіні Назым Қахарманнан шамамен 25 млн теңге өндіру туралы талап-арыз берді. Дау фитнес-клубты сенімгерлік басқару мәселесіне қатысты туындаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Назым Қахарман әлеуметтік желіде бұрынғы енесінің өзіне қарсы сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, дау 2011 жылдан бері өзі басқарған фитнес-клубқа қатысты. Бизнес бойынша бұрынғы енесімен сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған.
Қахарман неке кезінде Бишімбаевтың туыстары бизнестен түскен табысты талап етпегенін, бірақ бірнеше жыл өткен соң Әлмира Нұрлыбекова осы кірістерді сот арқылы өндіріп алуды ұйғарғанын айтты. Ол бұл талап-арызды балаларының әкесі жағындағы туыстарымен араласуына байланысты қысым ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Назым Қахарманның сөзінше, бұл – соңғы екі жылда бұрынғы күйеуінің туыстары тарапынан берілген төртінші талап-арыз, ал бұрынғы енесінің атынан түскен алғашқы іс. Ол осы уақыт ішінде тек бір рет – Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы талаппен сотқа жүгінгенін атап өтті.
Қахарман екінші баласы дүниеге келгеннен кейін корпоративтік сектордағы жұмысын тастап, фитнес-клубты дамытуға кіріскенін айтты. Клуб бұрынғы енесінің атына рәсімделген ғимаратта орналасқан және сол кезде сенімгерлік басқару келісімінің кейін дау туғызуы мүмкін екенін ойламаған. Ол сондай-ақ мұндай келісімдердің құқықтық тәуекелдері жоғары екенін ескертті.
Бұған дейін Әлмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемеловаға қатысты қылмыстық істің қозғалуына бастамашы болған. Ал Қуандық Бишімбаев 2024 жылы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған.
Мазмұнға өту
