Бүгін Орал қаласында «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбында облыстық педагогтердің тамыз конференциясы өтті.
Биылғы тамыз конференциясы аясындағы секциялық отырыстар алдын ала облыстың 9 ауданында және Орал қаласында ұйымдастырылып, оған 2 мыңға жуық педагог қатысты. Секциялық алаңдарда білім сапасын арттыру, заманауи педагогикалық тәсілдер, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу, тәрбие жұмысы, ауыл мектебін дамыту және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырысқа Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қатысып, жаңа оқу жылындағы білім беру саласының басым міндеттеріне тоқталды.
Конференция барысында білім сапасын арттыру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, ауыл мектептерін дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту, техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру, сондай-ақ оқушылардың азаматтық-патриоттық тәрбиесін нығайту бағыттары сөз болды.
Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Ғалымжан Алматов, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, сондай-ақ республикалық «UstazAI» педагогикалық хакатонының жеңімпаздары – Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ұлан Бақытжан жөз тәжірибесімен бөлісті.
«UstazAI» хакатонының жеңімпаздары жақында Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасып, білім берудегі цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолданудың халықаралық тәжірибесімен танысып қайтқан болатын. Кеңес барысында педагог шетелдік тәжірибені өңірдің білім беру жүйесіне енгізу мүмкіндіктері жөнінде ой бөлісті.
Сонымен қатар, конференция аясында республикалық және өңірлік IT-компаниялардың көрмесі ұйымдастырылып, білім беру саласына арналған заманауи цифрлық шешімдер, жасанды интеллект құралдары мен инновациялық жобалар таныстырылды.
Пленарлық отырыста білім беру саласына еселі еңбек сіңірген ардагерлер мен педагогтер де марапатталды. Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларымен «Еңбек ардагері» медаліне – 4, «Ыбырай Алтынсарин» медаліне – 6, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісіне – 7, «Құрмет грамотасына» – 2, «Алғысына» – 10, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломына – 1 педагог ие болды.
Сондай-ақ облыс әкімінің «Алғыс хатымен» 43 педагог марапатталып, олардың кәсіби еңбегі мен білім беру саласының дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.
Тамыз конференциясы– жаңа оқу жылындағы міндеттерді айқындап қана қоймай, педагогтердің тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен заманауи шешімдерді ортаға салуына мүмкіндік берген маңызды кәсіби алаң болды.
Жаңа оқу жылында басты мақсат – сапалы білім, берік құндылық және әр баланың табысты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау.



Мазмұнға өту
