Қоғам

Білім беру ұйымдарында Face ID технологиясы енгізіледі

Сурет: Үкімет, телеграм

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту, білім саласын цифрландыру және мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, сондай-ақ облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Оқу-ағарту министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп өңірлерді Ұлттық білім беру платформасына кезең-кезеңімен қосу жоспарын әзірледі. Бұл сервисті іске қосу мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, деректердің дәлдігін арттыруға және бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кеңесте мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге де назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысының құнын есептеудің бірыңғай әдістемесін енгізу жөніндегі ұсыныс қаралды.

Осыған байланысты білім беру қызметтеріне жұмсалатын шығындардың өңірлік ерекшеліктері мен айырмашылықтарын ескеретін, экономикалық тұрғыдан негізделген түзету коэффициенттерін қолдана отырып, бір тәрбиеленушіге шаққандағы мемлекеттік білім беру тапсырысының базалық құнын республикалық деңгейде белгілеу мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарында Face ID технологиясын пайдалана отырып, кіруді бақылау жүйелерін жаппай енгізу қажеттігі аталып өтті. Мұндай жүйелер қауіпсіздік деңгейін арттыруға, білім алушылардың оқуға қатысуын есепке алуды автоматтандыруға және білім беру ұйымдарының аумағына кіруді бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге білім беру саласын одан әрі цифрландыру, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Еске салайық, жаңартылған жүйе арқылы 1-сыныпқа қабылдауға 490 мыңнан астам өтініш онлайн режимде берілген. Техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау үдерісі толық автоматтандырылған. Нәтижесінде колледждерге оқуға 220 мыңнан астам талапкер түскен.

Айта кетейік, Қазақстанда биыл білім беру саласына жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу жұмыстары күшейтілді.

Көп оқылғандар