Қоғам

Бес жас ғалымға пәтер сертификаты табысталды

Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Білім күні қарсаңында бес жас ғалымға тұрғын үй алуға арналған пәтер сертификаттары табыс етілді. Оларды Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табыстады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шара Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау үшін қолға алынды. Мақсат – жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, олардың мәртебесін арттыру және ғылым саласына жаңа кадрлар тартуға жағдай жасау.

Арнайы комиссия Астана мен Алматы қалаларындағы ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында қызмет ететін жас ғалымдардың арасынан тұрғын үй алуға үміткерлердің кезекті тізімін анықтады.

Саясат Нұрбектің айтуынша, пәтер сертификаттары жас зерттеушілерге тұрғын үйді тегін алуға мүмкіндік береді.

«Бұл – мемлекет тарапынан ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілерге көрсетіліп отырған нақты қолдаудың маңызды бір көрінісі. Президент жас ғалымдарды қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп келеді», деді министрдің міндетін атқарушы.

Сонымен қатар жас ғалымдар тұрғын үй мәселесін «Отбасы банк» арқылы іске асырылатын жеңілдетілген бағдарламалармен де шеше алады.

Министрлік өкілдерінің пікірінше, мұндай қолдау шаралары жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың ғылыми ізденіспен алаңсыз айналысуына және ғылым мен технологияның дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін пәтер алатын жас ғалымдардың тізімі анықталып жатқанын жазған болатынбыз.

Көп оқылғандар