Қоғам

Бастауыш сыныптарда диктант пен бақылау жұмыстары қайта енгізіледі

Сурет: istockphoto.com

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бастауыш сыныптарда бағалаудың жаңа тәртібі енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, енді бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалауда дәстүрлі жазба жұмыстарына басымдық беріледі. Қазақ тілінен диктант, мазмұндама, шығарма және басқа да шығармашылық жұмыстар, ал математикадан бақылау жұмыстары қайта енгізіледі.

«Сонымен қатар оқушының дәптері де бағалаудың бір бөлігіне айналады. Бұдан былай балалар тапсырмаларды арнайы ақ парақтарға ғана орындамай, дәптерге жазып орындайды. Мұғалімдер оқушылардың дәптерлерін тексеріп, олардың жұмысына баға қояды», деді Жұлдыз Сүлейменова.

Қазіргі уақытта бағалау критерийлері әзірленуде. Оларды Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында құрылып жатқан арнайы жаңа бөлім айқындайды.

Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардың бағалау жүйесінен модерация ұғымын алып тастау жоспарлануда. Бұл шешім мұғалімдердің жүктемесін азайту мақсатында қабылданған.

«Бұған дейін модерацияның формалды түрде жүзеге асырылып, мұғалімдерге шамадан тыс жүктеме бергенін көріп отырмыз», деді ол.

Еске сала кетейік, бастауыш сыныптардан БЖБ және ТЖБ сынақтарын алып тастауға қатысты Оқу-ағарту министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу мәселесі Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 21 тамызға дейін жалғасады.

Көп оқылғандар