Қаржы

Банктер мен мемлекет экономиканы қаржыландыруды күшейтуге келісті

Сурет: ҚР Ұлттық банкі

Ұлттық Банкте екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесу өтті. Онда экономиканы қолдау және қаржы нарығын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуге Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қатысты.

Жиында капитал нарығын дамыту, Бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеу, синдикатталған кредиттеу мен инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін кеңейту талқыланды.

Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер мен «Бәйтерек» холдингінің бизнесті қаржыландырудағы өзара іс-қимылы, кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру және салықтық әкімшілендіру, энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаны іске асыру мәселелері сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту, қаржы нарығын дамыту және бизнесті қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру бағытында бірлескен жұмысты күшейтуге келісті.

Көп оқылғандар