Сурет: Egemen Qazaqstan
«Союз МС-29» пилотты ғарыш кемесін алып ұшқан «Союз-2.1а» зымыран-тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағынан сәтті ұшырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұшыру 14 шілде күні Қазақстан уақытымен 19:47-де №31 ұшыру алаңынан жүзеге асты. Ғарыш кемесінің бортында «Роскосмос» ғарышкерлері Петр Дубров пен Анна Кикина, сондай-ақ NASA астронавты Анил Менон бар. Экипаж командирі болып Петр Дубров тағайындалды. Ал Анна Кикина мен Анил Менон борт инженері міндетін атқарады.
Ғарыш кемесінің белгіленген орбитаға шығарылуы, зымыранның үшінші сатысынан ажыратылуы, антенналары мен күн батареялары панельдерінің ашылуы штаттық режимде өтті. Кеме жерді екі рет айналып шығып, Халықаралық ғарыш стансасының Ресей сегментіндегі «Причал» модуліне түйісуі тиіс. Түйісу Қазақстан уақытымен 22:56-ға жоспарланған.
Экипаж орбитада шамамен сегіз ай жұмыс істеп, Жерге 2027 жылдың сәуір айында оралады. Бұл Анил Менон үшін алғашқы ғарыш сапары болса, Петр Дубров пен Анна Кикина үшін екінші миссия болмақ.
Мазмұнға өту
