Басты тақырып

Бәсекені арттыратын бастама: Шымкенттегі Гази университеті филиалына 100 грант бөлінді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық білім нарығына кіру мақсатында әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылғанын атап өткен. Оның айтуынша, бұл жұмыс серіктестік орнатумен аяқталмауы керек. «Бізге есеп үшін ашылған ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Басты назар санда емес, сапада болуға тиіс. Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек», деді Президент.

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да ашылған Түркияның Гази университетінің филиалы білім саласындағы бәсекені арттыру мақсатында жұмысын бастады. 2026–2027 оқу жылына филиалға 100 мемлекеттік білім гранты бөлініп, 150-ге жуық талапкер оқуға түсуге ниет білдірген. Іріктеу халықаралық талаптарға сәйкес екі кезеңнен тұрады: алдымен жазбаша емтихан, содан кейін әңгімелесу. Емтихандарды Түркиядан келген Гази университетінің профессорлары қабылдап жатыр. Биыл ҰБТ-дан 111 балл жинаған түлек Гүлсезім Жұмабек Гази университетінде оқуды таңдаған. «Маған, біріншіден, бұл университетте оқудың екі диплом беретін жүйесі, одан кейін шетелдік мамандардан дәріс алатынымыз ұнады. Емтихан барысында оқылым, тыңдалым бойынша түрлі сұраққа жауап бердік», дейді талапкер.

ОҚПУ басқарма төрағасы-ректор Қайрат Балабиев емтихандардың әділ әрі ашық өтуі бақылауға алынып, талапкерлерге қолайлы жағдай жасалғанын айтты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба – еліміздің жоғары білім жүйесін халықаралық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, отандық педагогикалық білімнің сапасын арттыруға және халықаралық тәжірибені кеңінен енгізуге үлкен мүмкіндік береді», дейді Қайрат Рахымұлы.

Жаңа ректор университетті еліміздегі жетекші оқу орындарының біріне айналдырып, халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми-білім орталығы ретінде дамытуды мақсат етеді. Білім сапасын арттыру, ғылымды дамыту, цифрландыруды жетілдіру және ашық басқару жүйесін қалыптастыру басымдыққа ие. Оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіріліп, дуалды оқыту кеңейтіледі. Ғылыми әлеуетті арттыру үшін зертханалар құру, халықаралық жобаларға қатысу, Scopus және Web of Science базаларындағы жарияланымдар санын арттыру жоспарланған. Халықаралық ынтымақтастық аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейіп, қос дипломды жобалар іске асырылады. Материалдық-техникалық база жаңғыртылып, цифрлық инфрақұрылым дамиды. Басқарудың ашықтығы мен академиялық адалдық қағидаттары негізге алынады. Студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі, ғылыми қоғамдар, дебат, шығармашылық, спорт және еріктілер қозғалысы дамытылады. Алдағы жылдары түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін 95 пайыздан жоғары жеткізу көзделген.

Көп оқылғандар