Қоғам

Азаматтар өз атына рәсімделген медициналық қызметтерді тексере алады

Сурет: ашық дереккөз

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) медициналық ұйымдарға негізсіз төлемдердің алдын алуға бағытталған жаңа бақылау жүйесін енгізеді. Цифрлық технологияларға негізделген бұл жүйе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді көздейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

МӘМС қорының мәліметінше, жаңа модель 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының бір бөлігіне айналады. Ол цифрлық технологиялар, деректерді автоматты талдау және тәуекелге негізделген бақылау тетіктері арқылы жұмыс істейді.

Қордың дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеп жатқан заңбұзушылықтардың басым бөлігі 2024–2025 жылдарға тиесілі. Олардың қатарында іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтерді есепке енгізу, медициналық көмек көлемін негізсіз ұлғайту, пациенттерді жалған тіркеу және азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдалану фактілері бар.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында МӘМС қоры құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 4,5 млрд теңгені құрайтын 72 материалды жолдаған. Соның негізінде 27 қылмыстық іс тіркеліп, анықталған шығын көлемі 3,7 млрд теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы қор 630 млн теңге көлеміндегі 73 материалды жолдап, олардың негізінде 8 қылмыстық іс қозғалған болатын.

Қор өкілдері анықталған заңбұзушылықтардың көбеюі құқық бұзушылық санының артқанын емес, бақылау жүйесінің күшейіп, талдау құралдарының жетілдірілгенін көрсететінін атап өтті.

Енді МӘМС төлем жасалғаннан кейін заңбұзушылықты анықтау тәжірибесінен бас тартып, оның алдын алуға көшеді. Осы мақсатта Qalqan IT-платформасын, алаяқтыққа қарсы автоматтандырылған жүйені және деректерді талдау алгоритмдерін біріктіретін бірыңғай цифрлық қаржылық бақылау жүйесі іске қосылады.

Жаңа технологиялар күмәнді медициналық қызмет көлемін, жаппай жалған тіркеулерді, медициналық ұйымдардың күмәнді әрекеттерін және өзге де заңбұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жүйеге пациенттердің өздері де белсенді қатыса алады. Қазақстан азаматтары өз атына қандай медициналық қызмет рәсімделгенін тексеріп, егер ондай қызметті алмаған болса, бұл туралы МӘМС қорына хабарлай алады. Мұндай өтініштер тексеру жүргізуге негіз болады.

Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 5,5 миллионнан астам жұмыс істейтін азамат жарна аударады. Жаңа бақылау тетігі осы қаражаттың ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, Қаржылық мониторинг агенттігі МӘМС жүйесіндегі заңсыз қаржы алу схемаларын анықтады. Ведомствоның мәліметінше, шамамен 140 мың азамат медициналық ұйымдарға жалған тіркеліп, көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін заңсыз төлемдер алынған.

Көп оқылғандар