Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстанда ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. 2023-2025 жылдары және 2026 жылдың алғашқы жартысында ауылдық медициналық ұйымдарға 1 735 маман жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Олардың қатарында 722 дәрігер және 1 013 орта буын медицина қызметкері бар. Осы кезеңде жаңғыртылып жатқан 32 аудандық ауруханаға 624 дәрігер мен 642 орта буын маманы келді. Осылайша, ауылдық денсаулық сақтауды кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық жоба шаралары толық орындалды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда 1 263 медициналық нысан салынды. Қазіргі уақытта ел бойынша жалпы құны 108 млрд теңге болатын 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының барлығы пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекке тұрғылықты жеріне жақын жерде жүгіну мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр. Оның 12-сі толық жаңартылған. Ауруханалар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, соның ішінде компьютерлік томографтар мен ангиографиялық кешендермен қамтамасыз етіліп келеді», делінген министрлік хабарламасында.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 миллионнан астам ауыл тұрғыны аудандық деңгейде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады. Мамандардың бағалауынша, бұл жоба жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен болатын өлім-жітімді шамамен 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, биыл елімізде резидентураға құжат қабылдау тәртібі жаңартылып, үміткерлер автоматтандырылған рейтингтік жүйе негізінде іріктелді.
Мазмұнға өту
