Сурет: optimism.kz
Қазақстанда азамат шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған жағдайда оның жақындарына автоматты түрде SMS хабарлама жіберетін жаңа қызмет іске қосылды. Бұл сервисті eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы пайдалануға болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа қызмет жол апаты, кенеттен ауру немесе басқа төтенше жағдайлар кезінде адам өздігінен хабарласа алмаған жағдайда туыстарына ақпарат беруге мүмкіндік береді. Ол үшін eGov жүйесінде «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметі арқылы үш адамды тіркеуге болады. Таңдалған адам 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы шарт.
Жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.
Қызметті eGov.kz порталында «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіп, «Денсаулық сақтау» санатын таңдап, «Сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметін ашу арқылы іске қосуға болады. Содан кейін сенім білдірілген адамның ЖСН-ын енгізу қажет.
Дербес деректерді өңдеуге келісім берілгеннен кейін көрсетілген адамға SMS хабарлама жіберіледі. Тіркеуді растау үшін 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жауап ретінде жолдау керек. Шешім қабылдауға 5 сағатқа дейін уақыт беріледі.
Тіркеу расталған соң ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Өтінішті өңдеу мерзімі 10 минутқа дейін созылады. Қызметтің мәртебесін eGov.kz порталындағы «Жеке кабинеттен», ал eGov Mobile қосымшасында «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.
