Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда eGov арқылы төтенше жағдайда ауруханаға түскен адамның жақындарына хабарлама жіберілетін жаңа қызмет пайда болды. Бұл қызмет жол апатына ұшыраған немесе денсаулығы күрт нашарлап, туыстарымен өзі байланыса алмай қалған жағдайда көмектеседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандықтар eGov арқылы сенімді адамдарды тіркей алады, оларға жақынының шұғыл ауруханаға түскені туралы хабарлама жіберіледі. Қызмет адам жол апатына ұшыраған, кенеттен өзін нашар сезінген немесе ауруханаға түсіп, туыстарымен өзі байланыса алмаған жағдайда ақпарат беруге мүмкіндік береді.
Аталған қызметке сенімді үш адамның байланысын көрсетуге болады. Ол үшін eGov.kz порталына авторизациядан өтіп, «Госпитализация жағдайында хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу» қызметін таңдап, сенімді адамның ЖСН-ын енгізу қажет. Сенімді адам 18 жастан асқан және мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек.
Одан кейін пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайына қатысты мәліметтерді беруге келісімін растауы қажет. Көрсетілген адамға тіркеуді растау немесе одан бас тарту туралы SMS келеді. Растау үшін жауап ретінде 911, ал бас тарту үшін 912 кодын жіберу керек. Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі.
Егер сенімді байланыс тіркеуді растаса, пайдаланушы сұрауға қол қояды. Осыдан кейін тіркелген адам туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Қызметті eGov Mobile қосымшасынан да пайдалануға болады. Ол үшін «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімдеріне кіру қажет.
