Басты тақырып

Ауғанстанда су тасқынынан 20 адам қаза тауып, 100 адам із-түзсіз жоғалды

Сурет: br.az

Ауғанстанның шығысындағы Нұристан провинциясында нөсер жауыннан кейін кенеттен су тасқыны болып, 20 адам қаза тауып, 80-ге жуық адам жарақат алды. Тағы 100-ден астам адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы X әлеуметтік желісінде Ауғанстанның Табиғи апаттардың салдарын жою ұлттық басқармасының ресми өкілі Юсуф Хаммад мәлімдеді. Оның айтуынша, провинциялық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары апат болған аудандарға жетіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастаған. Құтқарушылар қаза болғандардың мәйіттерін шығарып, зардап шеккендерді құтқарып, жоғалғандарды іздестіруде.

Юсуф Хаммадтың сөзінше, қаза тапқандар саны мен материалдық шығын туралы нақты мәліметтер тергеу аяқталып, залал толық бағаланғаннан кейін жарияланады.

Ауғанстан үкіметінің ресми өкілі Забихулла Мужахид X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, іздестіру-құтқару жұмыстарын жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.

Жергілікті биліктің мәліметінше, табиғи апаттан ең көп зардап шеккен аймақ – Нұристан провинциясының әкімшілік орталығы Парун қаласы. Су тасқыны салдарынан мұнда көптеген тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандары зақымданған.

Айта кетейік, биыл сәуір айында Ауғанстанда нөсер жауын салдарынан болған су тасқыны мен көшкіндерден 77 адам қаза тауып, тағы 137 адам жарақат алған болатын.

Көп оқылғандар