Қоғам

Авиация түлектеріне жаңа талап: грантпен оқығандар 5 жыл жұмыс істеуі керек

Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанда мемлекеттік білім грантымен оқыған түлектердің міндетті жұмыс істеу мерзіміне өзгеріс енгізілді. Енді авиация мамандығын бітіргендер кемінде бес жыл еңбек етуі тиіс, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын (ЖЖОБҰ) тәмамдаған басқа мамандық иелері үшін бұл мерзім бұрынғыдай үш жыл болып қалады. Бұл өзгерістерді Жоғары білім және ғылым министрі 6 тамызда тиісті қаулыға енгізді.

Жаңа талапқа сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша авиация мамандықтарын оқыған Қазақстан азаматтары оқуды аяқтаған соң кемінде бес жыл жұмыс істеуге міндетті. Бұл міндетті еңбек өтеу меншік нысанына қарамастан кез келген ұйымда орындалуы мүмкін.

Сондай-ақ құжатта докторантурада мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған азаматтарға қатысты талаптар нақтыланды. Докторантураны бітіргендер кемінде үш жыл еңбек өтеуі керек.

Докторанттар үшін еңбек өтейтін ұйымдардың тізімі кеңейтілді. Енді олар білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, мемлекеттік органдарда және білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін басқа да ұйымдарда жұмыс істей алады. Жаңа талаптар 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енеді.

Көп оқылғандар