Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы стратегиясы аясында сутегі энергетикасы дамып жатыр. Атырауда жасыл сутегі өндіретін алғашқы кешен жұмысын бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл еліміздегі толық циклді қанатқақты жоба. Оны «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС іске қосты. Компания мамандарының айтуынша, құрылыс былтырғы маусымда 200 кВт күн электр энергиясын өндіретін 336 модульді стансаны орнатудан басталған. Нәтижесінде жылына шамамен 12 млн теңге үнемделеді. Қазір контейнерлік электролиз қондырғысы іске қосылды.
Қондырғыда күн сәулесінен энергия жинап, сутегі өндіру, нысанды жылыту және электр көзімен қамтамасыз ету циклі бар. Мұнда газды сақтау, тасымалдау және гибридті жүйелерде пайдалану сыналады. Жаңа өндіріс орны алдымен электр қуатын береді, екіншіден, инженерлік-зерттеу платформасы ретінде қолданылады.
Компанияның Атырау филиалында сутегі технологияларын зерттейтін зертхана ашылды. Мамандар оны қанатқақты жобаның негізгі алаңы және сутегі энергетикасы бойынша құзыреттер орталығының элементі деп бағалайды. Зертханада отандық ғылыми топ сутегіні сақтауға арналған титан-темір қорытпаларының алғашқы үлгілерін жасады. Жұмысқа зертхана меңгерушісі, PhD Сәуле Жолдаяқова жетекшілік етті.
«Атырау қаласында өндіріліп жатқан жасыл сутегіні зертханадағы зерттеу жұмысына қолданамыз. Сутегіні талапқа сай сақтау, тасымалдауға қатысты жұмысты жалғастырамыз. Осы мақсатта ғимараттың шатырында күн панельдері орнатылды. Мұндай панельдерде жиналған электр энергиясын электролиз қондырғысына жібереміз. Мұнда сутегіні өндіру көрсеткіші – 5 нм³. Қуаты 10 кВт дейін жетеді. Қазір жасыл сутегінің бағасы орташа есеппен 5-6 доллар шамасын құрайды. Бұл 1 кило бензин мен көмір бағасымен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Дегенмен, технологиялардың дамуына байланысты бұл бағаны төмендету үдерісі байқалып келеді. Қазір көптеген ел оның құнын 1-2 долларға төмендетуді көздеп отыр», — дейді С.Жолдаяқова.
Зертхана меңгерушісінің пікірінше, сутегінің бағасын арзандатудың бір ғана жолы бар — оны қолдану аясын кеңейту. Ол кез келген тауардың бағасы тұтыну нарығына байланысты екенін айтады. Мысалы, 20 жыл бұрын күн панелі қымбат болса, қазір көмір мен күн электр тоғының бағасы бірдей деңгейде. Сондықтан сутегі энергиясын өндірісте кеңінен пайдалану қажет.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбек Құлекеевтің пікірінше, жасыл сутегі өндіру — еліміз үшін маңызды оқиға. Дегенмен, сутегіні алу, сақтау, тасымалдау және қауіпсіз пайдалану мәселелері әлі де зерттелуі керек. Ол жасыл сутегі болашақтағы энергия көзі екенін, қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін және тұрақтылықты қамтамасыз ететінін атап өтті.
Мазмұнға өту
