Қоғам

Астаналық оқушы Сингапурдағы математика олимпиадасында абсолютті чемпион атанды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанадағы «Smart Technological School» мектебінің оқушылары Сингапурда өткен халықаралық математика олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сингапурда 17-22 маусым аралығында «StemCo Global Finals Maths 2026/SGFM 2026» халықаралық олимпиадасының финалы өтті. Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен ұлттық онлайн іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары – алтын, күміс және қола жүлдегерлер қатысты.

Астаналық оқушылар халықаралық додада үздіктер қатарынан көрінді. «Smart Technological School» мектебінің 5-сынып оқушысы Әлімжан Көпеев абсолютті чемпион атанып, I орын және алтын медаль иеленді. Ал мектептің тағы бір оқушысы Әлихан Мұрат III орынға ие болып, қола медальмен марапатталды.

Халықаралық олимпиадаға қатысу арнайы шақыру арқылы жүзеге асырылды. Финалға әлемнің түрлі елдерінен ұлттық онлайн іріктеу кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар жолдама алды.

Олимпиада тапсырмалары Сингапурдың озық математикалық білім беру бағдарламасына негізделді. Қатысушылардың тек математикалық формулаларды білуі ғана емес, күрделі контекстік есептерді талдауы, логикалық ойлауы және алған білімін практикалық жағдайда қолдана білу қабілеті сыналды.

Айта кетерлігі, «Smart Technological School» мектебінен халықаралық финалға қатысқан екі оқушының екеуі де жүлделі орындарға ие болды. Бұл – оқушылардың пәндік дайындығы мен халықаралық деңгейдегі білім додаларына әзірлігінің жоғары екенін көрсететін нәтиже.

Көп оқылғандар