Сурет: Қорғаныс министрлігі
XII халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынының жеңімпаздары анықталды. Бас кубокты халықаралық есепте көш бастаған Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж командасы жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар атынан Жетісу облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты. Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Оңтүстік арландары» клубының мүшелері, ал әскери оқу орындары атынан Шымкент қаласының Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледж командасы өнер көрсетті.
Ойын таңғы ерте дабылмен басталды. Сағат 7-де «Амандық» полигонында жауынгерлік дабыл қағылып, командалар далалық жағдайда әскер таңғы асын ішіп, күш жинау үшін бастапқы ауданға жедел аттанды.
Сапта бас төреші қатысушыларға тактикалық жағдайды, ойынның қатаң ережелері мен күрделі марш-жүгіру кезіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Командирлер жауынгерлік бұйрық салынған пакеттерді алған соң, «Алға!» пәрмені берілді.
Арақашықтығы 2,5 шақырым болатын бағыт қатысушылардың төзімділігіне, психологиялық беріктігіне және командалық бірлігіне үлкен сынақ болды. Тапсырмалар жинақылықты, бар күш-жігерді жұмылдыруды және үйлесімді іс-қимылды талап етті.
Жас патриоттар азимут бойынша бағдарлап жүріп өтіп, шартты жараланған жауынгерді эвакуациялады, автокөлік дөңгелектерінен жасалған бөгеттерді еңсеріп, миналы-жарылғыш және жарылғышсыз кедергілерден өтті. Сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарын пайдалана отырып, шартты түрде залалданған аумақтан өтті.
Тартысты додада Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінің командасы жеңіске жетті. Олар 2,5 шақырымдық қашықтықты 26 минут 30 секундта еңсеріп, мәреге бірінші болып жетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Екінші орынды 37 минут 40 секунд нәтижемен Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледждің командасы иеленді. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Оңтүстік арландары» құрамасы 57 минутта мәреге жетіп, қола жүлдегер атанды.
Ойын қорытындысы шығарылғаннан кейін Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері әсерлі тактикалық-имитациялық көрініс көрсетті. Содан соң Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшқыштары Су-30СМ жойғыш ұшақтары мен ЕС-145 тікұшақтарында жоғары пилотаж элементтерін орындап, көпшілікке тамаша әуе шоуын тарту етті.

