Басты тақырып

Астанадағы сауда ойын-сауық орталығында пышақ ұстаған жігіт ұсталды

Сурет: ашық дереккөз

Астанадағы Abu Dhabi Plaza сауда ойын-сауық орталығында пышақ ұстаған жігіт сатушылардан электронды темекіге арналған стиктерді беруді талап етіп, жұртты қорқытқан. Бұл оқиғаны елордалық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құқық қорғау органдары оқиға орнына барып, құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол 19 жастағы жігіт болып шықты. Жас жігіт мән-жайды анықтау үшін полиция басқармасына жеткізілді.

«Тексеру барысында жас жігіттің пышақты үйінен алып шыққаны анықталды. Оның денсаулығына қатысты мәселелері бар. Оған жедел жәрдем шақырылып, кейін әкесіне тапсырылды», деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Оқиға туралы әлеуметтік желіде тараған ақпараттан белгілі болды. Бутиктердің бірінің қызметкері Threads желісінде сауда орталығы жабылардан аз уақыт бұрын жігіт электронды темекі сататын орынға келіп, стиктерді беруді талап еткенін жазды. Сатушы бас тартқаннан кейін ол пышақ шығарып, сатушыны қорқытып, пакетті алып қашып кеткен.

Кейін жігіт қоқыс шығарып бара жатқан қызметкерді байқап, оның соңынан барған. Сондай-ақ ол бутиктердің біріне кіріп, қайтадан стиктерді талап етіп, пышақпен қорқытқан.

Оның сөзінше, қауіпсіздік қызметін шақыру бірден мүмкін болмаған. Кейін сауда орталығының қызметкерлері күзетшілерді шақырып, олар құқық бұзушыны қуа бастаған.

Көп оқылғандар