Қоғам

Астанадағы ойын-сауық орнындағы жанжал: екі азаматқа қатысты сот үкімі шықты

Сурет: ашық дереккөз

Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде болған жанжал өліммен аяқталды. Сот екі ер адамды адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 8 жыл 6 ай және 9 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, оқиға 2025 жылдың желтоқсанында елордадағы ойын-сауық орындарының бірінде болған. Сот материалдарына сәйкес, сотталғандар мен жәбірленушілер арасында сөзге келіспеушілік туындаған.

Алкогольдік ішімдік ішкен ер адамдар жанжал кезінде жәбірленушілердің денесінің әртүрлі бөлігіне бірнеше рет соққы жасаған. Кейін олар оқиға орнынан кетіп қалған. Алған жарақаттарының салдарынан жәбірленушілердің бірі оқиға орнында көз жұмған.

Сотта айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбамен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Сот екі ер адамды алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, бұзақылық ниетпен, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталғандардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерді. Олардың бірінің кәмелетке толмаған баласының болуы да жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылды. Ал қылмысты алкогольдік мас күйінде жасағаны екеуіне де ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Нәтижесінде бір сотталушы 8 жыл 6 айға, екіншісі 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталғандардан 1,9 млн теңгеге жуық материалдық шығын, 2 млн теңге өкілдік шығын және моральдық зиянды өтеу үшін 10 млн теңге өндірілді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Көп оқылғандар