Сурет: @lyudmila_bm999 в Threads
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Астанада нөсер жаңбырдан кейін көшелерді су басу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министрдің айтуынша, елордада қатты нөсер жауын жиі бола бермейді. 23 шілдеде бұршақ аралас қатты жаңбыр салдарынан қаланың бірқатар көшесі су астында қалды. Олжас Сапарбеков бұл мәселені кешенді түрде қарастырып, мұндай табиғи құбылыстардың жиілігін жан-жақты зерттеу қажеттігін атап өтті.
«Иә, мұндай жағдайлар болады. Біз қоғамда өмір сүріп жатырмыз, табиғат та адамға бағынбайды. Кейде жауын-шашын белгіленген нормадан әлдеқайда көп мөлшерде түседі. Осы өңірдің тұрғындары ретінде біз де белгілі бір қолайсыздықты сезінеміз. Бірақ мұндай жағдайлардың жиілігі өте жоғары емес екенін түсіну керек. Сирек болатын табиғи апаттарға алдын ала толық дайындық жасау үшін қомақты қаржы жұмсау қажет болады. Бұл өз кезегінде бюджет шығындарын арттырады. Сондықтан мұндай шығындардың қаншалықты қажет екенін бағалау, талдау және сараптама жүргізу арқылы анықтау керек», деді О.Сапарбеков Үкіметтегі брифингте.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұловтың айтуынша, соңғы 10 жылда Астанада нөсер кезінде су басатын 11 учаскедегі мәселе шешілген. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы, Мәңгілік Ел, Абай даңғылдары және Пушкин көшесі бар. Биыл бұл проблемаларды шешу үшін Арнайы мемлекеттік қордан шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер арқылы қосымша қаржы қарастырылған.
Мазмұнға өту
