Сурет: threads.com/@zeineladilet
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қайтыс болуына қатысты сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста жәбірленуші Айнұр Нұрпейісова үй қасбеті құлаған кезде сол жерде болғанын және оқиғадан кейін есту қабілетінен айырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Айнұр Нұрпейісова Қостанай қаласының тұрғыны. Ол 2025 жылдың 7 қарашасында медициналық тексеруден өту үшін Астанаға келген. 8 қараша күні таңертең әйел әпкесімен бірге дүкенге шыққан. Одан кейін болған оқиғаларды есіне түсіре алмайтынын, есін ауруханада жиғанын айтты.
«Ауруханада 16 күн жаттым. Сонымен қатар Астанада бір ай бойы тексеруден өттім. Кейін Қостанайға барып, ЛОР дәрігеріне, невропатологқа және травматологқа қаралдым», деді жәбірленуші.
Оның айтуынша, оқиға салдарынан қабырғалары сынып, бас сүйегінен жарақат алған. Бұдан бөлек, есту қабілеті нашарлап, қазір есту аппаратын қолдануға мәжбүр. Сондай-ақ Айнұр Нұрпейісова оқиғадан кейін материалдық көмек алмағанын айтты.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болды. Тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде оқиға орнына медициналық көмек көрсету үшін барған екі фельдшердің үстіне кондиционер құлаған. Ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.
Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Ал 2025 жылғы желтоқсанда Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына фельдшерге арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша қаралып жатыр. Аталған бап бойынша Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға жауапкершілік қарастырылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, МИБ төрағасы үйдің қасбетіндегі ақаулардан хабардар болғанымен, қажетті жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған. Алайда бұған дейінгі сот отырысында Сәуле Жұбаниязованың жаңа адвокаты сотталушының құқықтары шектеліп отырғанын айтып, судьяға қарсылық білдірді.
Мазмұнға өту
