Басты тақырып

Астанада жүрек күткен науқасқа өмір сыйлаған ота жасалды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанада қайтыс болған донордың жүрегін трансплантациялау бойынша кезекті күрделі ота сәтті өтті. Нәтижесінде жүрек трансплантациясын ұзақ уақыт күткен пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астана қаласының Көпбейінді медицина орталығында ағза доноры анықталған. Марқұмның туыстары келісім бергеннен кейін донорлық үдерісті Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық ұйымдастырды.

Отаға UMC-нің трансплантологтар тобы қатысып, 1966 жылы туған пациентке жүрек сәтті қондырылды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.

Денсаулық сақтау министрлігі донордың туыстарына адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген игі шешімі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ донорлық үдеріске қатысқан республикалық орталықтың мамандарына, донорлық аурухана дәрігерлеріне, UMC трансплантологтарына, санитариялық авиация қызметкерлеріне және барлық медицина мамандарына ризашылығын жеткізді.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 4 739 адам, оның ішінде 125 бала өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды күтіп отыр. Олардың ішінде 4 208 адамға бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе және 5 адамға жүрек-өкпе кешенін трансплантациялау қажет.

Ведомство қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға берілген әрбір келісім басқа адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі трансплантология қызметін дамыту, донорлық жүйені жетілдіру және қоғам арасында ағза донорлығының маңызын түсіндіру жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Көп оқылғандар