Қоғам

Астанада жол ақысы 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Сурет: Астана әкімдігі

Астанада қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда жол жүру ақысын 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр. Жаңа тарифті желтоқсанның ортасынан бастап енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, елордада жол ақысы 2014 жылы 90 теңге деп белгіленген. Содан кейін тариф бір рет қана қайта қаралып, 110 теңгеге жеткен. Осы аралықта тасымалдаушылардың пайдалану шығындары айтарлықтай өскен.

Мәселен, 2014 жылы дизель отынының литрі шамамен 107 теңге тұрса, қазір оның бағасы 329 теңгеге дейін көтерілген. Яғни жанармай үш еседен астам қымбаттаған. Жүргізушілердің орташа жалақысы да 100–150 мың теңгеден автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталатын деңгейге жеткен.

Сонымен қатар қосалқы бөлшектердің, дөңгелектер мен аккумуляторлардың бағасы, автобустарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары да артқан.

Осыған қарамастан, елордада қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай 1 127 жаңа автобус сатып алған.

Әкімдік тариф өзгерсе де халықтың әлеуметтік осал санаттарына арналған жеңілдіктер сақталатынын атап өтті. Атап айтқанда, ардагерлер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және заңнамада көрсетілген басқа да санаттар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.

Бұдан бөлек, Астанада 2020 жылғы наурыздан бері 18 жасқа дейінгі оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Қала әкімдігі келтірген есепке сәйкес, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың орташа құны қазіргі тарифтен әлдеқайда жоғары. Осыған байланысты тасымалдау шығындарын өтеу, автобустардың тұрақты қатынасын қамтамасыз ету, көлік паркін жаңарту және маршрут желісін дамыту мақсатында жол ақысын көтеру ұсынылып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада Hyundai көлігінің 27 жастағы жүргізушісі автобус жүргізушісімен жанжалдасқаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынғаны туралы жазған едік.

Көп оқылғандар