Басты тақырып

Астанада жер қазу кезінде кабель зақымданып, тұрғындар интернетсіз қалды

Сурет: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Астананың бір бөлігінде интернет, телефон және теледидар уақытша жұмыс істемей қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақтелеком» мамандары кабельді қалпына келтіруде. Компанияның мәліметінше, 21 шілде күні күндіз Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысында, Сауран көшесі, 12 мекенжайы маңында бөгде ұйым көлденең-бағытталған бұрғылау әдісімен жер қазу кезінде АТС-40 қамту аймағындағы абоненттерге қызмет көрсететін 25 оптикалық кабельді зақымдаған. Осыған байланысты бірқатар абоненттерде интернет, телефония және телевизия уақытша қолжетімсіз болды.

Қазір оқиға орнында «Қазақтелекомның» авариялық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр. Зақымдану көлемінің үлкен болуына байланысты қызметтер кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі: кейбір абоненттерде байланыс ертерек, ал қалғандарында тиісті желі учаскелеріндегі жұмыстар аяқталған сайын қосылады. Жөндеу жұмыстары бүгін сағат 23:00-ге дейін аяқталады деп жоспарланған, — делінген хабарламада.

Жер және құрылыс жұмыстары кезінде бөгде ұйымдардың кабельдік инфрақұрылымды зақымдауы байланыс желілеріндегі апаттардың жиі кездесетін себептерінің бірі екені айтылды. Көптеген жағдайда мұндай оқиғалар рұқсатсыз, жұмыс істеп тұрған кабель желілерінің орналасқан жерін анықтамай жүргізген кезде туындайды.

Көп оқылғандар