Басты тақырып

Астанада жедел жәрдемнің бұрынғы басшылығы 700 млн теңге жымқырған

Сурет: Kazinform

Астана қаласында жедел медициналық жәрдем станциясында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сот үкім шығарды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның мәліметінше, сотта Астана прокуратурасының сотқа дейінгі тергеу басқармасы тергеген қылмыстық іс қаралды. 2020-2023 жылдар аралығында станцияның бұрынғы директоры, көлік бөлімінің бұрынғы басшысы және бас механик пен қойма меңгерушісі міндетін қоса атқарған адам санитарлық автокөліктерді жөндеуге бөлінген қаражатты жымқыруды ұйымдастырған. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған автокөліктер саны 149-дан 32-ге дейін азайған.

Мемлекетке келтірілген залал 700 млн теңгеден асты. Оның 440 млн теңгеден астамы сот үкімімен өндірілді. Такси қызметтеріне жұмсалған 300 млн теңгеден астам қаражат азаматтық сот арқылы өндіріледі.

Сот үкімімен барлық айыпталушы ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 9 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы қосымша тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Көп оқылғандар